Ақтөбе облысында отандық өндірушілерді дамыту және қолдау шаралары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімінің төрағалығымен аппарат мәжілісінде жергілікті тауарөндірушілерді дамыту және қолдау мәселелері қаралды.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков өңірде бүгінгі таңда СТ-КЗ сертификаты бар 145 кәсіпорын және индустриялық сертификаты бар 52 кәсіпорын жұмыс істейтінін мәлімдеді. Былтырғы жылдың соңынан бастап өңірлік нарықта бұрын облыста өндірілмеген тауарлар шығаратын жаңа өндірістер пайда болды.

Спикер жақында Мемлекет басшысы қол қойған елішілік құндылық пен отандық өндірісті дамытуға бағытталған заңға назар аударды. Заңға енгізілген түзетулер тиісті тізілімге енгізілген өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін көздейді.

«Қолдаудың маңызды бөлігі жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті өндірушілер арасында үшжақты мен оффтейк-келісімшарттар жасасу болды. 6 жер қойнауын пайдаланушы мен 40 жергілікті өндіруші арасында 3 жыл мерзімге отандық өнімді кепілдендірілген сатып алуға үшжақты келісімдер жасалды. Қосымша тағы үш келісім жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Сатып алудың проблемалық мәселелерін шешу үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында сатып алуды оқшаулау мониторингі жөніндегі комиссияның отырыстары ұдайы өткізіліп тұрады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін өндірістік турлар өткізіледі, бұл жергілікті өнімді ілгерілетуге ықпал етеді», – деп түсіндірді Досжан Әлібеков.

Оның айтуынша, ынтымақтастықты насихаттау және кеңейту мақсатында жергілікті өндірушілердің каталогі құрылды, ол ірі компанияларға және елдің басқа өңірлеріне жіберіледі.

2024 жылы өндірісті толықтай жүктеуді қажет ететін 13 кәсіпорын анықталды. Қазіргі уақытта олардың 8-і 100% қуатпен жұмыс істейді, қалғандары жүктеу мәселелерін шешу сатысында. Бұл үшжақты келісімдердің және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өндірушілердің өнімдерін міндетті пайдаланудың арқасында мүмкін болды.

Қолдау жөніндегі қосымша шара ретінде мердігерлер үшін құрылыс басқармасыжетекшілік ететін «Е-Құрылыс» порталы арқылы тұрғын үй объектілерін салу кезінде жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану міндеттемелерін енгізу ұсынылады.

Сондай-ақ биыл Ақтөбеде отандық өндірушілерді қолдау үшін «Қазақстанның үздік тауары» көрмесін, инвестициялық форум және жабдықтар мен технологиялардың халықаралық көрмесін өткізу жоспарлануда.

Облыс әкімі жергілікті өндірісті одан әрі дамытудың маңызына тоқталып, барлық мүдделі тараптар алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.

«Отандық өндірушілерді қолдау — экономикалық тұрақтылықтың кілті. Біз бүгінде импорттайтын тауарларды шығаруды жолға қойып, бюджеттік жобалардағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруымыз қажет. Ел ішінде мүмкіндігінше көп өнім өндіруге ұмтылуымыз керек», – деп атап өтті әкім.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1010365?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді