
2025 жылғы 31 шілдеде Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан пресс-тур Талас ауданында жалғасты. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданының маңызды әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіптік жобаларымен танысты.
Іссапардың мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын бастамалардың жүзеге асу барысымен таныстыру.
Журналистер алдымен «Adina» тігін цехы мен «Нұр-Дос» жиһаз жасау цехында болып, шағын кәсіпкерліктің жаңа жұмыс орындарын құрудағы үлесіне назар аударды.
Одан соң БАҚ өкілдері «Talas Investment Company» зауытына барып, жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын желінің жұмысын және қуаттылықты 30 мың тоннаға дейін ұлғайтатын екінші кезеңнің құрылысын көбен көрді. Айта кетейік, бұл натрий цианидін өндіру бойынша еліміздегі бірегей кәсіпорын.
Пресс-тур «Karatau Chemicals» пиросульфит өңдеу зауытында жалғасты. Кәсіпорында жылына 25 мың тонна өнім өндіру көзделген. Нысан әзірше тестілік режимде жұмыс жасауда.
Ауданның мәдени жетістіктері де назардан тыс қалмады: қатысушыларға мәдениет саласындағы соңғы жобалар мен жетістіктері туралы айтылды.
Сондай-ақ, Қаратау қаласындағы бірнеше көпқабатты үй толықтай жаңғыртылып, олардың жаңарған келбеті БАҚ өкілдеріне таныстырылды.
Бұдан бөлек, жаңадан пайдалануға берілген балалар ойын алаңдары, көше шамдары, сондай-ақ Қаратау қаласының көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары да журналистер назарынан тыс қалған жоқ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1043991?lang=kk
Жауап қалдыру