
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, өңірдегі су шаруашылығы жағдайымен танысты.
Атап айтқанда, министр Шардара су қоймасын аралады. 28-29 шілде күндері Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтерімен қуаңшылық пен су тапшылығына байланысты толық жеткізілмеген су көлемін жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгенін еске сала кетейік.
Қол жеткізілген келісімдердің толық орындалуы Шардара су қоймасындағы судың көлемін тиісті деңгейде ұстап тұруға және Қызылорда мен Түркістан облыстарының шаруаларын суармалы сумен шығынсыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Содан кейін министр «Достық» мемлекетаралық каналының жұмысын тексерді. Қазіргі таңда Жетісай және Мақтаарал аудандарына су осыған дейін жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес жеткізіліп отыр. Диқандарға су кезекпен беріліп жатыр. Бұл ретте каналдың төменгі ағысындағы шаруа қожалықтарына басымдық беріледі.
«Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суды өткізу жағдайын жақсарту мақсатында Түркістан облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы «Машиналық әдіспен су көтеру каналында» механикалық тазарту жұмыстарын жүргізгенін айта кетейік.
«Министрлігіміз Түркістан облысында судың берілуі мен бөлінуіне тәулік бойы бақылау жүргізіп отыр. Біз жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істеп, көрші елдердегі әріптестермен тұрақты байланыстамыз. Өңірдегі су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіп отыратын жұмыс топтары құрылды. Басты міндетіміз – ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, су жеткізу бойынша келісімшарт жасасқан шаруалар алдындағы міндеттемелерді орындау»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1046914?lang=kk
Жауап қалдыру