
Ақтауда Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет кең ауқымды «Кітап жәрмеңкесі» өтті.
Іс-шараның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, жергілікті тұрғындарды сапалы әдебиетпен таныстыру және оқырман мәдениетін дамыту. Бұл мәдени шарада еліміздің жетекші баспалары мен белгілі баспагерлер бас қосып, оқырмандарға үздік туындыларын ұсынады.
Жәрмеңке аясында «Отбасы хрестоматиясы», «Мазмұндама», «Кемел кітап», «Сана» сынды танымал баспалардың жаңа және таңдаулы кітаптары көпшілік назарына ұсынылады.
«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының Маңғыстау облысындағы өкілі Мәулен Дөңбай кітап жәрмеңкесінің мәніне тоқталды.
– Бұл жәрмеңке – кітапты жақсы көретін жандардың бір-бірімен қауышатын ерекше алаңы. Мұнда тек жақсы кітап тауып қана қоймай, авторлармен әңгімелесіп, жаңа таныстық орнатып, шабыт алуға болады. Кітап – адамның жан дүниесін байытатын қазына, ал осындай шаралар сол қазынаны әр үйге жеткізетін тамаша мүмкіндік, – деді Мәулен Дөңбай.
Айта кетейік, іс-шара аясында түрлі жеңілдіктер, авторлық кездесулер және оқырмандарға арналған сыйлықтар да қарастырылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-zhastar/press/news/details/1054620?lang=kk
Жауап қалдыру