ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН АЛУ ТӘРТІБІ ЖАҢАРДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдеу қызметі енді «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болғанын хабарлайды.
Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алғысы келетін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, өтінішті тікелей «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Жүйе азаматтың медициналық анықтамасының жарамдылығын, автомектепті аяқтау туралы куәлігін және шектеулердің болуын мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде тексереді.
Өтініш жіберілгеннен кейін пайдаланушы өзіне ыңғайлы уақытта теориялық және практикалық емтихандарға онлайн жазыла алады. Мемлекеттік баж төлемі емтихандарды сәтті тапсырған соң мамандандырылған ХҚКО бөлімінде төленеді. Бұл тәсіл рәсімдеу процесін оңтайландырып, азаматтар үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасайды.
Пилоттық жоба Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында жүзеге асып жатыр. Құжат жүргізуші куәліктерін беру тәртібін жаңартып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.
Қазіргі уақытта жаңа қызмет еліміздің барлық өңірінде қолжетімді. Пилоттық жобаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленген. Осы кезеңде қызметтің тиімділігі мен қолайлылығы бағаланып, нәтижесіне қарай жаңа тәртіпті тұрақты түрде енгізу мүмкіндігі қаралады.
Жаңа рәсімдеу форматы жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындар үшін бұл процесті бұрынғыдан да жеңіл, ыңғайлы және қолжетімді етті.
Сонымен қатар, «ЦОН» мобильді қосымшасы болашақ жүргізушілерге қосымша мүмкіндіктер ұсынады: қолданушылар теориялық және практикалық емтихандарға, сондай-ақ сынақ емтиханына онлайн жазыла алады. Бұдан бөлек, қосымшада көлік сатып алу-сату шартын рәсімдеу, автокөлік тарихын тексеру және өзге де электрондық қызметтерді пайдалану сияқты пайдалы функциялар қамтылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1093289?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді