
Орал қаласында “Жас сақшылар” жасөспірімдер жасағы UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап, жеңіспен оралған Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері, “ТОМИРИС” командасының мүшесі Құралай Қабырайқызымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында оқушылар Құралай Қабырайқызының жетістікке жету жолындағы қажырлы еңбегі мен табандылығы туралы тыңдап, спорттағы және құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері жайында сұрақтарын қойды. Әсіресе халықаралық деңгейдегі жарысқа дайындық, командалық жұмыс пен тәртіптің маңызы жастардың қызығушылығын арттырды.
Өз сөзінде полиция капитаны жас сақшыларға сапалы білім алып, алға қойған мақсаттарына сеніммен қадам басуға шақырып, әрдайым ізденіс пен еңбектің арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол жастарды барынша қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында жас сақшылар өздеріне үлгі болар полиция қызметкеріне арнайы алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады.
Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтып, Отанға адал қызмет етуге деген құлшынысын арттыра түсетіні сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1173134?lang=kk

Жауап қалдыру