
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған жаңа өндіріс нысаны іске қосылды. Аудан әкімі Бақыт Асанов «Мақтаарал АгроӨнеркәсіп кешені» ЖШС-не қарасты өсімдік майын өндіру зауытына арнайы барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен кеңінен танысты.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы өндіріс орнының қуаттылығы, технологиялық мүмкіндіктері және кәсіпорынның өңір экономикасына қосатын үлесі туралы ақпарат алды.
Зауыт Түркияның «HAS MAKINA YDK. PARC. MET. SAN. TIC. LTD. STI» компаниясының заманауи технологиялық желісімен жабдықталған. Мұнда өсімдік майын өндіруге арналған заманауи құрал-жабдықтар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім шығарылатын болады.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 4,3 гектарды құрайды. Оның ішінде май өндіру зауытының өндірістік ғимаратының көлемі 2 686,32 шаршы метр. Зауыт 2025–2026 жылдары салынып, 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген. Өндіріс орны тәулігіне 100–150 тоннаға дейін майлы дақыл тұқымдарын өңдеуге қауқарлы. Бұл нысан ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Аудан әкімі зауыттың жұмысымен таныса отырып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың маңызы зор екенін атап өтті. Мұндай өндіріс орындары шаруалардың еңбегін тиімді пайдалануға, жергілікті экономиканың дамуына және жаңа инвестициялық жобалардың іске асуына серпін береді. Аудан басшысы кәсіпорын ұжымына табыс тілеп, өндірісті әрі қарай дамытуға бағытталған жоспарларды қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы – Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Аудан экономикасында егіншілік пен агроөнеркәсіп кешені маңызды орын алады. Жаңа зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1178160?lang=kk

Жауап қалдыру