
Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен көгалдандыру жүйесін жетілдіру және жеке тәлімбақ құру мәселесіне арналған кеңес өтті.
Жиында қаладағы құрылыс пен көріктендіру қарқынын ескере отырып, жыл сайын көшетке деген сұраныс 1,4 миллионнан асатыны айтылды. Бұған ағаштар мен бұталар отырғызу, сондай-ақ жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Қазіргі таңда Алматыда арнайы тәлімбақтың болмауы сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті күшейтіп, көшеттердің бағасы мен жерсіну сапасына әсер етіп отыр.
Қала басшысы өз тәлімбақ базасын қалыптастыру көгалдандыру саласын тұрақтандырып, қалалық ортаның сапасын арттырудағы маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.
Жоба аясында қаланың оңтүстік бөлігінде бірнеше учаскеде тәлімбақ орналастыру қарастырылуда. Сонымен қатар аумақты кеңейту мүмкіндігі пысықталып жатыр. Бұл Алматыны климатқа бейімделген көшеттерді өсіріп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, заманауи агротехнологияларды енгізу мәселесі де назарда. Атап айтқанда, жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік беретін микроклондық көбейту зертханасын құру жоспарланып отыр. Бұл сапалы отырғызу материалымен тұрақты қамтамасыз етіп, шығынды азайтуға ықпал етеді.
Кеңес барысында жобаға шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытып отырғаны да белгілі болды. Қазіргі таңда серіктестік тетіктері мен инвестиция тарту жолдары қарастырылып жатыр.
Жиын соңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқармаларға жобаны кешенді түрде іске асыруды, соның ішінде жобалық шешімдерді нақтылауды, ғылыми базаны дамытуды және өндірістік қуатты кезең-кезеңімен іске қосуды тапсырды.
Бұл бастама қаладағы жасыл қорды жүйелі жаңартуға, өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттыруға және 2030 жылға дейінгі көгалдандыру жоспарларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1212660?lang=kk

Жауап қалдыру