
Атырау қаласында алғаш рет «Atyrau Volunteer Fest» волонтерлер фестивалі өтіп, 7000-ға жуық адамды қамтыды.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – спикерлермен ашық форматтағы кездесулер болды. Күні бойы түрлі сала мамандары мен қоғам қайраткерлері жастармен тәжірибе алмасып, өзекті тақырыптарды талқылады.
Алғашқы сессияларда БҰҰ Балалар қоры (UNICEF) жастармен жұмыс координаторы Шарбану Нұрғазы, қоғам белсендісі әрі IT-кәсіпкер Алпамыс Жарилкасинов, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының ТМД елдері бойынша серіктестік маманы Нұрай Мамытова, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Нұрғалиқызы, кинорежиссер әрі журналист Әлия Әшім сөз сөйледі.
Кешкі сессияға Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов пен психофизиолог, нейропсихолог Әбдірашит Түлкібай қатысты.
Спикерлер волонтерлік қызметтің халықаралық деңгейде мойындалған маңызды қоғамдық қозғалысқа айналғанын атап өтіп, жастар үшін жергілікті, халықаралық және онлайн-еріктілік жобаларға қатысудың кең мүмкіндіктеріне тоқталды.
Іс-шарада Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов алдағы уақытта волонтерлік бастамаларды қолдау жалғасып, олардың ауқымы кеңейтілетінін атап өтті.
Фестиваль аясында халықаралық және жергілікті 15-ке жуық ұйым көрме ұйымдастырылып, қатысушыларды экология, медицина, әлеуметтік көмек, төтенше жағдайлар және жануарларды қорғау бағыттарындағы бастамалармен таныстырды.
Фестиваль кешкі гала-концертпен қорытындыланды. Ауқымды музыкалық кештің хедлайнері – танымал орындаушы ARO болды. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар мен «Belyes» кофеханасының жанынан құрылған инклюзивті «Belyes band» тобы өнер көрсетті.
Фестиваль Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1212620?lang=kk

Жауап қалдыру