Қорғаныс министрі Өзбекстанда өткен әскери-патриоттық жарыс жүлдегерлерін марапаттады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Шыршық қаласында өткен «Ватанпарварлар» әскери-спорттық жарысына қатысушылармен кездесті.

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Семей қаласынан елордаға келген «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерін құттықтады.

– Сіздердің жетістіктеріңіз тек спорттық нәтиже емес, ол – жауапкершілік пен табандылықтың, ерік-жігер мен патриотизмнің айғағы. Сол арқылы ел беделін көтеріп, жас ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Абай туған қасиетті жерден шыққан жастардың рухы мықты, Отанға адал әрі бәсекеде жеңіске жете алатынын дәлелдедіңіздер, – деді ол.

Өз кезегінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы, Шәкәрім атындағы № 5 көпбейінді гимназияның оқытушысы Серік Түсіпов пен «Абай қырандары» командасының капитаны Олжас Қалижаров сөз алып, Қорғаныс министрлігінің басшылығына ризашылығын жеткізді.

Әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушісі Қорғаныс министріне көрсеткен сенімі мен жарысқа дайындық барысында жан-жақты қолдауы үшін алғыс білдірді.

«Ватанпарварлар» әскери-спорттық жарысына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты.

«Абай қырандары» клубының тәрбиеленушілері әскери-қолданбалы эстафета, арқан тарту және шығармашылық сайыста үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар олар мылтықтан ату, белтемірде тартылу, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау сайыстарында екінші орын иеленді. Ал алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңінде үшінші орынға тұрақтады.

Өңірдегі әскери-патриоттық жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қорғаныс министрі «Абай қырандары» командасының жетекшісі Серік Түсіповті ведомстволық «Ел қорғаны» медалімен марапаттады.

Сонымен қатар Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал «Абай қырандары» командасының капитаны Олжас Қалижаровқа естелік қол сағат табысталды. Жарысқа қатысушылардың бәріне алғыс хаттар табыс етілді.

Халықаралық жарыста қол жеткізген нәтижелер «Жас сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілерінің жоғары дайындық деңгейін және елде жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық жұмыстың тиімділігін айқын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1212768?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді