
Ұрпақтар сабақтастығы: Бірлік күні қарсаңындағы кездесу. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қарағанды облысының Полиция департаментінде ішкі істер органдары ардагерлерінің жас қызметкерлермен кездесуі игі дәстүрге айналған. Департаменттің жауынгерлік және еңбек даңқы музейі бұл жолы да есігін айқара ашып, өз шаңырағы астында түрлі ұлт өкілдерінен құралған тәртіп сақшыларын – өмірлік тәжірибесі мол ардагерлер мен қызмет жолын енді бастап келе жатқан жас полицейлерді біріктірді. Бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналып, қызмет ішіндегі көпұлтты бірлікті нығайта түсті. Ауқымды шараға Қарағанды полициясының тарихында өзіндік із қалдырған әртүрлі этнос өкілдері – құрметті ардагерлер жиналды. Олардың қатарында ішкі істер органдарының ардагері, әзербайжан диаспорасының төрағасы әрі Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гюль ага Рзаев бар. Сондай-ақ құқық қорғау саласының ардагері, корей диаспорасының өкілі, қазіргі таңда «Халықаралық полиция қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды филиалының директоры Ася Хегай да қатысты. Сонымен қатар ардагер Раиса Баирленова, Департаменттің құжат айналымы бөлімінің бас инспекторы, шешен халқының өкілі, полиция майоры Ольга Нестеренко, Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі кезекші бөлімінің бастығы әрі өзбек диаспорасының белсенді мүшесі, полиция подполковнигі Гафуржон Тажибаев, сондай-ақ патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы, башқұрт диаспорасының өкілі Ильгиз Кунакбаев та болды. Іс-шара барысында Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов ардагерлерге шынайы алғыс білдіріп, олардың мол тәжірибесі мен адал қызметі жас буынға әрдайым үлгі екенін атап өтті. Ол мұндай кездесулердің қызметтік дәстүрлерді сақтауда, жас қызметкерлердің бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Кездесудің шарықтау шегі – ұлттық диаспора өкілдерінің сөз сөйлеуі болды. Олар өздерінің қызмет жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандарды алдағы мерекемен шын жүректен құттықтады. Әрқайсысы туған тілінде жылы лебіздерін білдіріп, бұл шараға ерекше мазмұн берді. Көптілді құттықтаулар Қазақстан қоғамының бай мәдени әртүрлілігін айшықтап қана қоймай, Қарағанды полициясы қатарындағы берік бірлікті де айқын көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1212805?lang=kk

Жауап қалдыру