
Жетісу облысы құрылғаннан бері газдандыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көгілдір отынға қосылған елді мекендер саны 5-тен 110-ға жетті, яғни газдандыру деңгейі 27%-дан 67 %-ға жетті. Бұл – 467 мың адамның газға қосылуына мүмкіндік жасалған деген сөз, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов ауданы бойынша 40 елді мекеннің 25-і газдандыруға жатады. 2025 жылы жалпы құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 13 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде 15,4 мың адам табиғи газға қол жеткізді, 178 км газ құбыры салынды.
Қазіргі уақытта 2025 жылы басталған 12 ауыспалы нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде (жалпы құны 14,7 млрд теңге). Нәтижесінде 504 км газ желісі салынып, 46,4 мың адам табиғи газға қол жеткізеді.– деді Д. Ешенов.
Газдандыру жұмыстары аудандағы халқы көп елді мекен саналатын Көктал ауылдық округінде де жүйелі жүзеге асуда. Қазір округке қарасты Ақжазық, Аққұдық ауылдарында желі толық тартылған. Көктал елді мекеніндегі жұмыстардың 40 пайызға жуығы аяқталған. Ауылдық округ әкімі Батырбек Қадырбаев мердігер мекемелер сапалы жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
– Ауылдық округтегі газ желісі жер астымен жүргізілгендіктен тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Мердігер мекеме өз тарапынан жер қазу жұмыстары жүзеге асатын көшелерде тұрғындарға ескертпе айтуда. Әкімдік тарапы балалардың ретсіз көшеге шықпауын қадағалап отырмыз, – деді ауылдық округ әкімі.
13 мыңға жуық халық тұратын ауылдық округ әкімі мердігер мекемелердің жер қазу жұмыстарын жүзеге асырғаннан кейін қалпына келтіруді де назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Одан бөлек, көше бойындағы үйлерге кіріп-шығуды оңтайландыру үшін шұңқыр бетіне арнайы уақытша көпір қойып жатқанын да жеткізді. Ауыл тұрғындары да мұны растап отыр.
– Көптен күткен игілікті іс біздің ауылымызды да айналып өтпеді. Көмір тасыған күн артта қалады. Мемлекет басшысы қала мен ауыл тұрмысын теңестіруді жиі сөз етеді. Көгілдір отын жетсе, тұрмыс біршама теңеседі. Елдің болашағы да осындай жобалар арқылы қалыптасады. Өйткені, әрбір ауылға, әрбір тұрғынға жасалған қамқорлық – елдің дамуының кепілі, – деді Мәселен, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Солтанқұлов.
Ал қырық жыл ауыл мектебінде ұстаз болып, зейнет жасына шыққан Светлана Юсупова көмір тасып әбігерге түскен күнді ұмытатына қуанышты.
– Осы уақытқа дейін туған жеріміздің қойнауынан өндірілген байлықтың бірі – көгілдір отынды пайдалану әрбір ауыл тұрғынының арманы болған. Сол арман орындалар күн жақындаған сайын кеудемізді қуаныш кернейді. Бұйыртса, енді бұрынғыдай су тасымаймыз, енді үйге көмір кіргізіп, күл шығармаймыз. Үлкен қаладағыдай заманауи талғаммен өмір сүруге біртабан жақындап келеміз, – деді тұрғын.
Жалпы, бүгінгі таңда Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі, Панфилов ауданын қоса алғанда 110 елді мекен газдандырылды. Қалған 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Газ тарту жұмыстары биыл басталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, газға 652,3 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8%-ы қол жеткізе алады деп жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-panfilov-usharal/press/news/details/1212792?lang=kk

Жауап қалдыру