
Семейдегі «Спартак» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда (Qazaqstan tv (Астана қаласы), «Абай облысы» (Абай облысы), Aqmeshit (Қызылорда облысы), Атырау (Атырау облысы), Kazmedia (Астана қаласы), Qareket (Жетісу облысы), «Семей» (Семей қаласы), Сетанта (Алматы қаласы), Тараз Пресс (Жамбыл облысы), Хабар (Астана қаласы), Шымкент (Шымкент қаласы), Bek sport (Астана қаласы) қатысып жатыр.
Амангелді Сейітхан атындағы «Seitkhan cup» республикалық турнирі 2022 жылы басталып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Турнир бұған дейін төрт рет Алматы қаласында өтті. Биыл облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен тұлғаның туған жерінде, Абай елінде, тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы – Семей қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу салтанатына белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы Елсияр Қанағатов, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, Амангелдіұлы Сейітханның бауыры Бауыржан Сейітхан және ұлы Бегасыл Сейітхан қатысты.
Жарыстың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Берік Уәли қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, турнирдің маңызына тоқталды.
«Алаштың астанасы, ұлт руханиятының алтын бесігі, тұңғыштар мекені – Абай еліне, Семей төріне қош келдіңіздер! Баршаңызды қазақ журналистикасының аңыз тұлғасы, көрнекті спорт комментаторы, ел жадында мәңгі сақталған арда азамат Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық «Seitkhan Cup» турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы турнирдің қасиетті Абай елінде өтуінің символдық мәні ерекше. Біріншіден, Семей – қазақ футболының Отаны. Осы қалада құрылған «Ярыш» командасында Мұхтар Әуезовтің доп тепкені баршаңызға мәлім. Екіншіден, Абай облысы, оның ішінде Мақаншы ауданы Амангелді ағамыздың туған топырағы. 2022 жылы «Хабар» агенттігін басқарған кезімде осы жарысты ұйымдастыруға бастамашы болдым. Биыл міне, алғаш рет өңірде, оның ішінде Амангелдінің туған жері Абай елінде, Семей қаласында бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл турнир – тек спорттық жарыс емес, журналистер арасындағы достық пен бірліктің, кәсіби ынтымақтың, рухани сабақтастықтың мерекесі. Бүгін Атырау мен Алтайдың арасындағы өңірлерден 12 команданың бас қосуы – соның жарқын дәлелі. Барша қатысушы командаларға алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Турнир барысында аймақ басшысы «Абай облысы» командасы сапында алаңға шығып, доп тепті.
Амангелді Сейітхан – қазақ спорт журналистикасын жаңа биікке көтерген, эфир мәдениетін қалыптастырған, тұтас бір буынға үлгі болған қайраткер тұлға. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, кейін қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылған жарқын белестерге жетті.
Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы БАҚ лигада әріптестерімен доп тепті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1215919?lang=kk

Жауап қалдыру