
Елордадағы Достық үйі ғимаратында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Дөңгелек үстел аясында қонақтарға соғыс жылдарынан сақталған жәдігерлер көрмесі ұсынылды. Экспозицияда каскалар, оқтар, пулемет таспалары және сол кезеңге тиесілі өзге де артефактілер қойылды. Сонымен қатар келушілер Жеңіске өз өмірін арнаған батырлардың портреттерімен танысты.
Елордада бұл дөңгелек үстел бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туралы тарихи жадыны сақтау, жастарға батырлар жайлы тағылым беру және өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру.
Кездесуді Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Ертаев ашты. Ол Отанды қорғау тек әскери міндет емес, әр буынның ел алдындағы жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Мен ешқашан генерал боламын, соғысқа қатысамын деп ойлаған емеспін. Бірақ маған Отанды қорғау бақыты бұйырды. Қазақстанымызға бейбітшілік, амандық тілеймін. Барша халық бір шаңырақ астында тату өмір сүрсін», – деді ол.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бүгінде ұрпақтар сабақтастығын сақтау аса маңызды. Соғыс туралы естелік тек оқулық беттерінде қалып қоймай, елдің ортақ тарихи жадында сақталуы тиіс.
Дөңгелек үстелге қатысушылар мұндай кездесулер майдангерлер ерлігін ұлықтап қана қоймай, жастарға бірлік, тарихқа құрмет және ел болашағына жауапкершілік сияқты құндылықтардың маңызын терең түсінуге ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1215918?lang=kk

Жауап қалдыру