
Елордада қоғамдық аумақтарды ластаумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдауда.
Еске саламыз, қоғамдық орындарды ластағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, қоқыс, темекі тұқылы мен өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастауға, көшеде түкіруге, сондай-ақ көлік құралдарынан қалдық шығаруға тыйым салынады.
Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын сақтамағаны үшін 20 мыңнан астам адам жауаптылыққа тартылды.
Құқық бұзушылықтарды тіркеу мақсатында елордада Жедел басқару орталығының бейнекамералары белсенді қолданылуда. Тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтауға, оларға жедел әрекет етуге және қажетті шаралар қабылдау үшін патрульдік жасақтарды дер кезінде бағыттауға мүмкіндік береді.
Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Қаланың жайлылығы мен көркеюі әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Қаланы таза, қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы ету — баршамызға ортақ міндет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1221035?lang=kk

Жауап қалдыру