
Түркістан облысының аумағында энергетикалық сусындарды тұтынудың алдын алу және оларды сату талаптарын сақтау мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексі негізінде энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған.
Сонымен қатар, сауда нысандарында «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады» деген ескерту жазбасы көрнекі жерде орналастырылуы міндетті.
Жүргізілген алдын ала зерделеу нәтижесінде бірқатар сауда орындарының аталған талаптардан хабарсыз екені анықталды.
Осыған байланысты, прокуратура органдарының бастамасымен облыс аумағындағы барлық сауда нүктелерінде, оның ішінде мектептердегі дүкендерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескерту жазбалары орнатылды.
Енді сатушылар сатып алушының жасына қатысты күмән туындаған жағдайда:
- жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге;
- құжат ұсынылмаған жағдайда өнімді сатудан бас тартуға міндетті.
Прокуратура органдары ескертеді: аталған талаптарды бұзу, яғни энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған тұлғаларға сату фактілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 199-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Түркістан облысының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
Түркістан облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-turkestan/press/news/details/1220712?lang=kk

Жауап қалдыру