Жамбыл облысында 208 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облысында биыл 208 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық еткен кеңесте қаралды.
 
Жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы сараланды. Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өңірдегі 531 мектепті биыл 245 мыңнан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Оның ішінде 23 253 оқушы – 9-сынып, 14 437 түлек – 11-сынып бітірушілері.
 
Биыл 670 түлек «Алтын белгіге», ал 1 182 оқушы үздік аттестатқа үміткер. 11-сынып түлектерінің 11 911-і немесе 82,5 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Облыста екі тестілеу пункті жұмыс істейді.
 
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 662,4 миллион теңге бөлінген. Жоспарға сәйкес 1-10 сыныптағы 217 757 оқушының 208 235-і жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады. Оның ішінде 15 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Негізгі басымдық көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілмек.
 
Өңірдегі 6 оқу-сауықтыру орталығы балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Ал 1 маусымнан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастайды. Онда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан 31 967 баланы қамту көзделген.
 
Сонымен қатар түрлі байқау мен жарыстардың жеңімпазы атанған 279 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алады. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала Алматы қаласындағы Бөбек сауықтыру орталығында демалады.
 
Кеңесте балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігі айтылды. Облыс әкімі барлық жазғы лагерьлерде қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, тәулік бойғы бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ буллингтің алдын алу, тәрбиешілердің жауапкершілігін арттыру, лагерь қызметкерлеріне арнайы нұсқамалық оқыту жүргізу қажеттігін атап өтті.
 
Бұдан бөлек, полиция, төтенше жағдайлар және білім саласы мамандарынан құралған мониторингтік топтардың жұмысын жандандырып, ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнату міндеті қойылды.
 
Жазғы демалыс кезінде балаларды спорттық және танымдық үйірмелерге тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне де басымдық берілмек. Сонымен қатар мектеп бітірушілер арасында жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1228005?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді