QYZMET CUP: Абай облысы Полиция департаменті — футбол турнирінің жеңімпазы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасындағы командалық рухты нығайту мақсатында ұйымдастырылған QYZMET CUP футбол турнирі өз мәресіне жетті.

Үш айға созылған тартысты додаға барлығы 10 команда қатысып, жасыл алаңда өзара мықтыны анықтады. Турнир барысында командалар жоғары дайындықтарын көрсетіп, әр кездесуде жеңіске деген жігер мен табандылық танытты. Әр ойын тартысты өтіп, көрермендерге ерекше эмоция мен әсерлі сәттер сыйлады.

Ұзаққа созылған бәсекенің қорытындысы бойынша Абай облысы Полиция департаментінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, QYZMET CUP турнирінің жеңімпазы атанды. Полиция қызметкерлері жарыс бойы ұйымшылдығымен, шеберлігімен және командалық үйлесімділігімен ерекшеленіп, чемпиондық атаққа лайық екенін дәлелдеді.

Команда мүшесі Зарипов Қуаныш турнирдің өту барысы мен команданың жеңісі туралы өз пікірін білдірді:

«Бұл турнир біз үшін өте маңызды әрі есте қаларлық жарыс болды. Үш ай бойы әр ойынға үлкен дайындықпен келіп, әр кездесуде бар күшімізді салдық. Алаңда тек жеке шеберлік емес, ең алдымен командалық бірлік пен өзара қолдау маңызды болды. Жеңіске жету жолында әр ойыншының еңбегі бар. Командадағы ауызбіршілік пен бір мақсатқа жұмылуымыз чемпион атануға үлкен ықпал етті. Біз үшін бұл жеңіс — ортақ еңбектің нәтижесі. Барлық командаларға тартысты ойын үшін алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да спорттық сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетуге тырысамыз».

Турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

 1-орын — Абай облысы Полиция департаменті
 2-орын — Төтенше жағдайлар министрлігі
 3-орын — Семей қаласының әкімдігі

Жарыс барысында жеке шеберлігімен көзге түскен ойыншылар да арнайы номинациялармен марапатталды.

 «Үздік ойыншы» — полиция майоры Берказ Арын Мұратұлы. Ол турнир бойы жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, команданың жеңісіне елеулі үлес қосты.

 «Үздік қақпашы» — полиция майоры Акашев Улан. Қақпадағы сенімді ойыны, маңызды сәттердегі шеберлігі мен командасын қиын кезеңдерде қолдауы жоғары бағаланды.

Айта кету керек, жеңіске жеткен Абай облысы ПД командасы қыркүйек айының 16-18 арасында Шымкент қаласында өтетін шағын футболдан ІІМ чемпионатында өңір намысын қоғайтын болады.

QYZMET CUP — тек спорттық бәсеке ғана емес, мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық қарым-қатынасты, өзара ынтымақтастықты және командалық байланысты нығайтатын маңызды спорттық алаң. Мұндай жарыстар қызметкерлердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал етеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1276000?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді