Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Орталық сайлау комиссиясының талаптары мен өңірлік дайындық жоспарына сәйкес ерекше бақылауда. Бүгінде облыс бойынша дауыс беру құқығына ие 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың сайлау учаскелеріне кедергісіз келіп, өз таңдауын еркін жасауына барлық қажетті жағдайлар қарастырылуда. Өңірдегі 520 сайлау учаскесінде инклюзивті орта қалыптастыру бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, учаскелер пандустармен және тұтқалармен жабдықталып, дауыс беру залдары бірінші қабаттарға орналастырылған. Көру қабілеті нашар азаматтарға арналған тактильді жолақтар, Брайль трафареттері, үлкейткіш лупалар, қосымша жарықтандыру және төмендетілген үстелдер қарастырылған. Сайлау күні азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Инватакси» қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, сайлаушыларды учаскелерге тегін жеткізу ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 1 500-ден астам волонтер азаматтарға қажетті көмек көрсетуге жұмылдырылады. Ал денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін заңнамада белгіленген тәртіппен үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы департамент басшысы Оразбеков Аслан Ұланұлы бейнеүндеуінде кеңінен айтып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтті. Әр азаматтың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруы – демократиялық қоғамның маңызды қағидаларының бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1277904?lang=kk

Жауап қалдыру