
2026 жылы Комитет медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінің жұмыс тетіктерін өзгертуге баса назар аударады.
Сырттай проактивті формат өзінің әлеуметтік тиімділігі мен сұранысқа ие екенін дәлелдеді.
Ол азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, қызметтің қолжетімділігін арттырады.
Сонымен қатар, мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызмет рәсімдерін оңтайландыру және оның қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қатаң айқындалған нозологиялық нысандар бойынша сырттай проактивті куәландырудың ерекше тетігі іске асырылуда.
Ерекше тетік медициналық деректер объективті, толық әрі аяқталған және көзбе-көз қарап-тексеруді қажет етпейтін жағдайларды қамтитын бірлескен пилоттық жоба шеңберінде жүзеге асырылады. Оларға туа біткен және жүре пайда болған қайтымсыз кемістіктер, аяқ-қол ампутациялары, балалардағы Даун синдромы (ауруы) және мукополисахаридоз жатады.
Ерекше тетік бойынша осы бірлескен пилоттық жобаны іске асыру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 5 маусымдағы № 168, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 11 маусымдағы № 56 және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы бірлескен бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Тетік құжаттарды өткізудің бірыңғай цифрлық бағытын көздейді: медициналық ұйым → Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері → «МОДҚ» ақпараттық жүйесі → МӘС сарапшысы.
МӘС-ке жіберу құрылымдалған медициналық деректер міндетті түрде толтырыла отырып, тек электрондық түрде (№ 031/е нысаны) жүзеге асырылады. Кіріктірілген автоматты бақылау міндетті зерттеп-қараулар болмаған жағдайда құжаттарды жіберуге жол бермейді.
Қарау азаматтың жеке қатысуынсыз, экстерриториялық қағидат бойынша жүргізіледі, бұл әкімшілік жүктемені азайтып, субъективті факторды болдырмайды. Сараптамалық шешім қабылдау мерзімі бір жұмыс күнінен аспайды.
Мүгедектікті белгілеудің ерекше тетігі — бұл әлеуметтік маңызы бар жағдайлар бойынша мүгедектікті белгілеудің жеңілдетілген және жеделдетілген рәсімдерін көздейтін жеке бағыт.
Біздің міндетіміз — диагнозы мен болжамы айқын жағдайларда азаматтар үшін мерзімдер мен әкімшілік кедергілерді қысқарту.
Бұл ретте мынаны ерекше атап өткен жөн: рәсімдерді жеңілдету сараптаманы жеңілдетуді білдірмейді.
Комитет үшін МӘС жүйесінің жай ғана жұмыс істеуі емес, әділ, басқарылатын және бірыңғай тәсілдерге негізделген болуы аса маңызды.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 1082 сараптамалық шешім қабылданды, бұл аталған тәсілдің тиімділігі мен оны кеңейтудің орындылығын растайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/news/details/1282389?lang=ru

Жауап қалдыру